Бүгін сұхбаттасу форматында Алтынсарин академиясы президенті Мадина Тыныбаева мен Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев кездесуі өтті. Кездесу мақсаты үздіксіз кәсіптік бағдар беру жұмысын дамытудың бірыңғай тетіктерін әзірлеу болды.
«Бүгінгі күнде Академия еліміздің мектептеріндегі кәсіптік бағдар беру жұмысы жай-күйін мониторингілеу бойынша ауқымды жұмысты жүргізіп үлгерді. 2022-2024 жылдар аралығында 6 өңірдің және республикалық маңызы бар 2 қаланың мектептеріне жүргізілген зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің жалпы санының жартысы ғана мектепті тәмамдағаннан кейін мамандық таңдауда нақты шешімге келген. Осы мониторинг негізінде кәсіптік бағдар беру жұмысының бірыңғай моделін әзірлеу туралы шешім қабылданды», – деп атап өтті Мадина Тыныбаева.
«ЖОО-да оқудың тиімділігі және жас азаматтың одан әрі жұмысқа орналасуы, мансаптық дамуының маңызды мәселелерінің бірі – үздіксіз кәсіптік бағдар беру жұмысы. Министрлік осы бағытта мектептерге қолдау көрсетуге дайын. Еңбек нарығының сұранысына сай мамандықты дұрыс таңдау жеке студенттің ғана емес, жалпы қоғам жетістігінің кепілі дей аламыз. Кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында бірлесіп зерттеулер жүргізу, әзірлемелер жасау және оқушының мамандық таңдауына көмектесу ЖОО-да нақты оқу мақсаты бар студенттерді оқытуға жағдай тудырады», – деді Руслан Емелбаев.
Аталған кездесуге «Шәкәрім атындағы университет» КЕАҚ-тың Басқарма мүшесі, Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Индира Оралқанова қатысып, педагог-кәсіби бағдар берушінің жай-күйі мен даму перспективалары туралы ойымен бөлісіп, бұл мәселеде басты проблемалардың бірі педагогикалық ЖОО студенттерінің аталған бейіндегі маманның (педагог-кәсіби бағдар беруші) мансаптық даму болашағына сенбеулері екенін айтты. Сонымен қатар Астана қаласы №21 мектебінің педагог-кәсіби бағдар берушісі Ләйлә Темірова және «Еduser» платформасының негізін қалаушы, кәсіби бағдар беруші Айдос Жұманазаров та қазіргі кәсіби бағдарлау жұмысының жағдайы туралы өз пікірлерін ортаға салды.
Кездесуге қатысушылар аталған мәселе аясында одан әрі ынтымақтастық жұмыс жасап, тәжірибе алмасу туралы келісті.