Бүгін Алтынсарин академиясына Мичиган университетінің профессоры, Ph.D Дуглас Хартман келіп, педагог мамандарды даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша АҚШ тәжірибесімен бөлісті. Кездесуге Алтынсарин академиясының ғалымдары қатысты.
Сонымен қатар, жиында білім беру мазмұны, соның ішінде оқу бағдарламаларын құрудағы екі елдің тәжірибесі, ғылыми зерттеулер жүргізудегі тың жаңалықтар және цифрлық білім беру, оқушылардың теңгерімді тамақтануы бойынша мәселелер талқыланды.
Дуглас Хартман АҚШ-та педагогтерді тәжірибе жүзінде даярлауға көп көңіл бөлінетінін, Мичиган университетінде педагог мамандарды оқыту үшін негізгі білім беру төрт жылды құрайтынын, ал бесінші жылы толық педагогикалық практика (коуч, супервайзер және т.б.) жүзеге асырылатынын айтты.
Кездесу соңында Мичиган университетінің профессоры Дуглас Хартман Алтынсарин академиясына алғысын білдіріп, өзара коллаборация орнату бойынша ұсыныстарын айтты. Атап айтқанда, практик мамандармен алмасып, тәжірибе бөлісу және Мичиган университетінің докторанттарымен онлайн конференция өткізу жоспарланды. Сондай-ақ Алтынсарин академиясында «Білім және ғылым жүйесін жаңғыртудың ғылыми негіздері» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан балалардың теңгерімді тамақтануы бойынша зерттеулер аясында ынтымақтастық орнату мәселесі алға қойылды.