Академия президенті Мадина Тыныбаева Қазақстанда тұрақты даму мақсаттарын оқшаулау «Қазіргі және болашақ ұрпақ мүддесіндегі әріптестік» тақырыбындағы халықаралық іс-шараға қатысып, қазақстандық білім берудің тұрақты даму мақсаттарына бағытталуы туралы баяндама жасады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда тұрақты даму мақсаттарын оқшаулау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның ішінде, балалардың өмір сүру сапасын арттыруға, балалардың сапалы әрі инклюзивті білім алуына ерекше назар аударылуда.
«Білім беру мемлекеттік міндеттерді іске асыруда маңызды стратегиялық рөл атқаратыны белгілі. Тұрақты даму компонентінің интеграциясы қазақстандық білім беру стандартында да, оқу бағдарламаларында да көрініс тапқанын айта аламыз», - деді Мадина Ағланқызы.
Сонымен қатар, білім беру жүйесінде оқу жүктемесі азаятынын, баланың ішкі әлеуетін ашуға, оның эмоционалды интеллектісін дамытуға баса назар аударылып, жаңа Z ұрпақ пен альфа-ұрпақтың ерекшеліктері ескерілгенін айтты.
Онлайн форматта өткен жиынға халықаралық ұйымдар мен даму институттарының өкілдері, сарапшылар, шет елдердің мемлекеттік органдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де қатысып, өз тұжырымдарымен бөлісті.