Алтынсарин академиясында «Педагог» кәсіби стандартын өзектендіру мәселелері бойынша зерттеу нәтижелері талқыланды. Бұл зерттеу «Білім және ғылым жүйесін жаңғыртудың ғылыми негіздері» ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр.
«Педагог» стандартын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына Академия қызметкерлері С.В. Мырзақұлов және М.С. Сапиева, сондай-ақ өңірлердің әдістемелік орталықтарының тәжірибелі қызметкерлері: Т.И. Набатникова (Қостанай облысы), Д.А. Суртубаева (Қарағанды облысы), А.Е. Рамазанова (Нұр-Сұлтан қ.) кірді.
Талқылауға Алтынсарин академиясының және Алматы қаласының жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты: п.ғ.д. А.А. Жайтапова (Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ), п.ғ.д. Б.А. Тұрғынбаева, п.ғ.к. Ф.Д. Наметкулова, п.ғ.к. А.Ш. Оракова және Т.Б. Корнилова (Абай атындағы ҚазҰПУ).
Қазақстанда «Педагог» кәсіби стандартын өзектендіру педагогтің үздіксіз кәсіби дамуы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) ұсынымдарына сәйкес жүзеге асырылады. Оны әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе, атап айтқанда, Австралияда, Ұлыбританияда, АҚШ-та, Эстонияда әзірленген «Педагог» стандарттары және Сингапурдағы педагог моделі зерделеніп, қолданылды.
Зерттеу нәтижелері қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Қатысушылар «Педагог» стандартын өзектендіру аясында одан әрі тығыз байланыс орнатуға дайын екендерін білдірді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.