«Білім және ғылым жүйесін дамытудың ғылыми негіздері» ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында 2021-2022 жылдары Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру сапасына зерттеу жүргізілуде. Бүгін онлайн форматта осы бағыттағы зерттеу нәтижелерінің таныстырылымы өтті. Бұл зерттеу мектепке дейінгі білім берудегі негізгі мәселелерді ғылыми тұрғыдан анықтауға мүмкіндік береді.
Зерттеу барысында екі ай бойы өңірлерге іс-сапарлар жасалып, деректер жиналып, оларға талдау жасалды және тәрбиешілер мен ата-аналарға сауалнама жүргізілді.
Бүгінгі жиында Балаларды ерте дамыту институты зерттеудің негізгі тәсілдерін, зерттеу қорытындысы бойынша жасалған шешімдер мен ұсынымдарды таныстырды. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелеріне сәйкес мектепке дейінгі білім беруді «мектепке дайындық кезеңі» ретінде емес, баланы ерте дамытудың маңызды кезеңі ретінде дербес түрде қарау ұсынылды.
Зерттеу нәтижесінде мектепке дейінгі білім беру мен тәрбие сапасын бағалайтын құралдарға пилоттық апробация жүргізіледі.