«Білім және ғылым жүйесін дамытудың ғылыми негіздері» ғылыми-техникалық бағдарламасының «Қазақстан Республикасында үштілді білім беруді дамытудың концептуалдық негізі» бағыты аясында республикалық семинар өтті.
Алтынсарин академиясының ұйымдастыруымен өткен семинар «Қазақ тілі сабағында білім алушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру және дамыту» тақырыбына арналды.
Қатысушылар функционалдық-тілдік жүйені іске асырудың тиімді жолдары, екінші тілді (Т2) оқытудың ерекшеліктері, мемлекеттік тілге басымдық бере отырып үштілді білім беруді дамыту және т.б. тақырыптар бойынша баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастыруға арналған тапсырмалар мен әдістер талданып, мұғалімдер олардың тиімділігі бойынша пікір алмасты.
Іс-шараға Қарағанды, Өскемен, Семей, Павлодар, Қостанай, Петропавл, Теміртау, Нұр-Сұлтан қалаларынан «Қазақ тілі» пәнінің мұғалімдері қатысты.