31 мамырда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» зертханасының ұйымдастыруымен онлайн форматта «Оқуға құштар бала» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Мұндағы мақсат – балалар мен жастардың мәдени және оқу құзыреттілігін дамыту арқылы көркем шығармаларды оқи отырып, жоғары азаматтық және рухани адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіру.
Аталған іс-шараға республиканың барлық өңірінен 400-ге жуық білім алушы қатысты.
Іс-шара барысында «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы мектептері өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. ҚР ҰАК Балалар секторының кітапханашысы Клара Қолдабаева «Тәуелсіздік жылдарындағы балалар әдебиеті» тақырыбында баяндама жасап, «Дана бала.kz» платформасын таныстырды. Дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Маржан Карамурзина өз мектептеріндегі «Оқуға құштар мектеп» жобасы, ал «Бином-Таным» мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжазира Садуакасова «Кітап-taim» жобасы аясындағы «Оқуға құштар сынып» жобасы аясындағы тәжірибесімен бөлісті.
Дөңгелек үстел соңында өнерлі оқушылар өлең оқып, көркем әдебиет туралы өз ойларын ортаға салды. Академия тарапынан белсенді қатысқан оқушыларға сертификаттар берілді.