Бүгін Қызылорда қаласында «Баланың кешенді дамуы: шығармашылық әлеуетін ашу» тақырыбында музыка, көркем еңбек пәндері мұғалімдерінің және көркем-эстетикалық бағыттағы қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің съезі өтті.
Академияның ұйымдастыруымен өткен съезге білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, еліміздің барлық өңірінен жиналған педагогтер мен әдіскерлер, біліктілікті арттыру институтының мамандары, барлығы 350 адам қатысты.
Съезде «Көркем еңбек» пәнін және «Музыка» пәнін оқыту мазмұны, атап айтқанда, үлгілік оқу жоспарлары, үлгілік оқу бағдарламалары, оқулықтар бойынша мәселелер талқыланды. Сондай-ақ ауылдық жерлерде қосымша білім бойынша жұмысты ұйымдастыру, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды шығармашылыққа баулу бойынша өзекті сұрақтар қарастырылды.
Шолпан Каринова съезде айтылған мұғалімдердің пікірлері ескерілетінін, соның негізінде тиісті жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді. Соның ішінде «Көркем еңбек» пен «Бейнелеу өнері» пәндерін бөліп оқыту, «Музыка» пәнінің оқу бағдарламасын өзгерту, оқулық мазмұнын жеңілдету бойынша мәселелер қарастырылатынын айтып өтті.