Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының базасында Академияның, ҚР БҒМ Ақпараттық-талдау орталығының және Дүниежүзілік банктің өкілдері «Қазақстанда білім берудегі олқылықтарды қалпына келтіруді жеделдету» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Қатысушылар пандемиядан кейін оқу процесін қайта қалпына келтіру бойынша халықаралық тәжірибені, пандемия кезінде қабылданған оқу процесін ұйымдастыру шаралары мен оқушылардың біліміндегі олқылықтарды жою бойынша Қазақстан тәжірибесін талқылады.
Дүниежүзілік банктің Білім беру мәселелер бойынша жаһандық тәжірибе жетекшісі Гарри Патринос өз ұсынымдарында қамтылмаған отбасылардан шыққан оқушылар үшін білім беруге арналған мақсатты шығындарға, инновациялық, экономикалық тиімді, қолайлы оқу ортасын құру қажеттігіне, оқу бағдарламасын жетілдіру және оқытушылар құрамын жаңғырту есебінен техникалық кәсіптік білім берудегі негізгі дағдыларды арттыруға назар аударды.
Ақпараттық-талдау орталығының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Мағжан Аманғазы Қазақстанда карантиннің білім сапасына әсерін анықтауға байланысты 2020 жылы онлайн форматта жүргізілген зерттеу нәтижелерін баяндады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес қашықтан оқыту кезінде ұстаздарға үлгерімі төмен білім алушыларды сабаққа жұмылдыру қиынға соқты.
«Пандемия кезінде ең ауыр салмақтың бірі білім саласына түсті. Зерттеу аясында ата-аналар мен мұғалімдер балалардың үздіксіз білім алуына барлығы қолдан келгенше атсалысты деген пікірді білдірді. Дегенмен жанама деректер білім сапасының төмендегенін көрсетіп отыр», – деді Мағжан Аманғазы.
Айтуынша, қашықтан оқыту кезінде Қазақстан өңірлеріндегі жағдайдың әртүрлілігі білім сапасына әсер еткен. Мысалы, кейбір өңірлерде білім алушылардың 80 пайызға жуығы компьютерлік техникамен қамтамасыз етілсе, кейбір өңірлерде шамамен 40 пайызы ғана қамтылды.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева дөңгелек үстелге қатысушыларды Қазақстанда пандемия кезінде білім беру процесін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шаралар туралы хабардар етті. Пандемия кезінде оқу процесін ұйымдастыру бойынша барлық шешім Денсаулық сақтау министрлігінің қаулыларына сәйкес қабылданды. Сондай-ақ ҚР БҒМ ведомстволық бағынысты ұйымдары педагогтерге, ата-аналар мен оқушыларға қашықтан оқыту мәселелері бойынша онлайн вебинарлар ұйымдастырды.
Пандемия кезінде оқу процесін үздіксіз ұйымдастыру үшін қосымша білім беру ресурсы ретінде цифрлық платформаларға телевизиялық сабақтар дайындалып, орналастырылды, сондай-ақ олар «Balapan» мемлекеттік арнасында көрсетілді. 1 млн-нан астам оқушы негізгі оқу пәндері бойынша білімдерін толықтыратын «Жазғы мектептер» жұмысы ұйымдастырылды. Ұлттық білім академиясы педагогтерге көмек ретінде «Жазғы мектеп» жұмысын ұйымдастыру бойынша әдістемелік әзірлемелерді дайындады.
Сөз соңында М.Тыныбаева қазіргі уақытта Алтынсарин Академиясы «Білім мен ғылымды жаңғыртудың ғылыми негіздері» бағдарламасы аясында зерттеулер жүргізіп жатқанын, оның қорытындысы бойынша оқушылардың төмен үлгеріміне қатысты скрининг пен алдын алу бағдарламасы әзірленетінін атап өтті.