Атырау облысында «Білім және ғылым жүйесін дамытудың ғылыми негіздері» ғылыми-техникалық бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Білім алушылардың біліміндегі олқылықтың орнын толтыру және үлгерімін арттырудың аймақтық тәжірибесі» атты әдістемелік семинар өтті.
Семинарды Академияның жетекші ғылыми қызметкері, PhD Жанна Жакиянова «Атырау облысы білім беру басқармасы әдістемелік орталығының» басшысы Данагүл Баймашовамен бірлесе отырып өткізді.
Семинарға Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарындағы әдістемелік орталықтардың басшылары, мектеп директорларының орынбасарлары мен педагогтер қатысты.
Қатысушылар оқушылардың біліміндегі олқылықтың орнын толтыру, оқу үлгерімін арттыру бойынша аймақтық тәжірибе алмасу мақсатында бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, оқытуды ұйымдастырудың тиімді әдістері мен формалары, оқушылардың білім сапасын арттырудағы әдістемелік бірлестіктердің рөлі, мектепішілік бақылаудың маңызы, білім алушылардың білімдеріндегі олқылықтарды жою бойынша мәселелер талқыланды.
Әдістемелік семинар материалдары нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсынымдар әзірлеуде ескерілетін болады.