qaz
Алтынсарин академиясында педагогикалық колледж директорларына арналған семинар өтті

Алтынсарин академиясы базасында «Білім және ғылым жүйесін жаңғыртудың ғылыми негіздері» бағдарламасы аясында педагогикалық колледж директорларына арналған семинар өтті.

ТжКБ өкілдері үшін мұндай форматтағы іс-шара алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, Қазақстанның барлық өңірінен колледж басшылары келіп, белсене қатысты.

Семинар аясында Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, ҚР БҒМ ТжКБ департаментінің директоры Насымжан Оспанова, Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА президенті Мадина Тыныбаева, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов, «Талап» КЕАҚ президенті Олжас Ордабаев сөз сөйледі.

Семинарға қатысушылар педагогикалық кәсіби білім беруді трансформациялау, колледждерде педагог кадрлар даярлау, білім беру бағдарламаларының сабақтастығы, сондай-ақ біліктілік курстарын ұйымдастыру сынды өзекті мәселелерді талқылады.

Шолпан Каринова жаңа талаптарға сай педагогикалық білім беруді дамытудың, білікті педагогтер даярлаудың және жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің деңгейін көтерудің маңыздылығын атап өтті.

Семинарға қатысушылар педагогикалық колледждерді трансформациялау жағдайында білім беру бағдарламаларының мазмұнын қалыптастыруға жаңа тәсілдер қажет деген пікірге келді.

Жиын соңында жастарды мұғалім мамандығына тарту және колледж студенттерінің практикадан өту жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты.