«Өлшеу және бағалау» монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті

Ғылым қызметкерлері күніне орай бүгін Алтынсарин академиясында «Өлшеу және бағалау» монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Монография авторлары: Академияның «Педагогикалық квалиметрия және халықаралық зерттеулер» орталығының директоры, п.ғ.к Исатай Сағындықов, орталықтың жетекші сарапшысы, ф.ғ.к Гүлжан Убайдуллаева және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к Бекзат Динаева.

Ғылыми еңбекте педагогикалық квалиметрия тәсілінің тиімділігі, оқушылардың білімін бағалау жүйесінің ерекшеліктері, жеке тұлғаны зерттеу және дамыту жолдары жазылған. Сондай-ақ, мектептегі оқытуды өлшеудің қажеттілігі, өлшеу кезінде жіберілетін қателіктер, өлшеу құралдары мен әдіс-тәсілдері, білім алушының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің квалиметриялық өлшемі мәселелері кеңінен талданған. Білім беру сатыларының әр деңгейін аяқтаған білім алушыларды жеке тұлға деп қарастырып, «Бақытты бала», «Білімдар ұрпақ», «Майталман», «Кемелденген тұлға» деп атап, әр қайсысының құзыреттілігін бағалау моделдері ұсынылған.

Монография білім беру саласының мамандарына, педагогика саласында ғылыми-зерттеу жүргізушілерге арналған.
Кітап академияның uba.edu.kz сайтында қолжетімді.