qaz
Қарағандыда математика пәні мұғалімдерінің республикалық съезі өтті

Бүгін, 17 ақпанда Қарағанды қаласында «Мектептегі математикалық білім беру: жағдайы, проблемалары, ұсыныстар» математика пәні мұғалімдерінің республикалық съезі өтті.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен өткен съезге Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, еліміздің барлық өңірінен келген педагогтер, жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты. ҰҒА академигі, профессор, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «Математика, физика және информатиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі Алма Әбілқасымова, ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев және басқа да ғалымдар математикалық білім беру туралы баяндама жасады.

Съезд барысында орта мектепте математиканы оқыту мазмұны мен әдістемесі, атап айтқанда, үлгілік оқу жоспарлары, үлгілік оқу бағдарламалары, оқулықтар және білім алушылардың білімін бағалау бойынша мәселелер көтерілді.

Асхат Аймағамбетов математикалық білім беру тұжырымдамасын қайта қарау қажеттігін, сондай-ақ оқу бағдарламаларының мазмұны оқушыларды ынталандырып, олардың пәнге деген қызығушылығын арттыруы тиіс екенін атап өтті.

Съезд қорытындысы бойынша білікті математик мұғалімдердің тұрақты диалогын қамтамасыз ету үшін математика пәні мұғалімдерінің республикалық қауымдастығын құру туралы шешім қабылданды.