«Қазақ тілі мен әдебиеті пәні» мұғалімдерінің съезінде талқыланған мәселелер бойынша қандай шаралар жүзеге асырылғанын Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев БҒМ-нің аппараттық отырысында мәлімдеді.
Айта кетсек, 2021 жылы желтоқсан айында Білім және ғылым министрлігі мен Алтынсарин академиясының ұйымдастыруымен «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні» мұғалімдерінің съезі өтті.
271 делегат қатысқан съезде «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», пәндерін оқытуда жаңартылған білім мазмұнынан туындаған өзекті мәселелер, оқу бағдарламаларын жетілдіру бойынша ұсыныстар және оқыту әдістемесіне қатысты мәселелер көтерілген болатын.
Ғани Бейсембаевтың айтуынша, қазіргі уақытта «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні мұғалімдерінің қауымдастығы құрылды. «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» пәндерінің үлгілік оқу бағдарламалары қайта жасалуда. Сонымен қатар оқыту өзге тілде жүргізілетін мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерін жеке оқыту бойынша кәсіби сарапшылар тобы құрылды.