Бүгін «Ауыл мектептерінің білім сапасы: қазіргі жағдайы, мәселелері, шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Шағын жинақты мектептерде білім беру үдерісін жетілдіру, ауыл мектептерінде білім алушылардың білім сапасын арттыру, оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасу мақсатында өткен онлайн конференцияға 300 педагог қатысты.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Ауыл мектебі және шағын жинақты мектептерді дамыту зертханасының жетекшісі, ф.ғ.к. Алмагүл Мукушева шағын жинақты мектептерді дамыту және қолдау перспективалары бойынша баяндама жасады. Сонымен қатар «қала – ауыл» оқыту сапасының алшақтығын қысқарту мәселелерін және педагогтердің функционалдық сауаттылығын, кәсіби бағдарлануын, кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған ШЖМ-дегі білім беру қызметінің өзекті мәселелерін талқылады.
Ауыл мектебі және шағын жинақты мектептерді дамыту зертханасының ғылыми қызметкері Абай Тұрсынбаев «Ауылдық бастауыш шағын жинақты мектептерді дамытудың педагогикалық шарттары» тақырыбында, ал зертхананың аға ғылыми қызметкері Айдана Карипова тірек мектептерінің мәселелері және перспективалары туралы баяндады.