Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті тағайындалды

Бүгін Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұжымына жаңа президентті таныстырды. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 2 ақпандағы бұйрығымен және конкурстық комиссияның 2026 жылғы 26 қаңтардағы хаттамалық шешімімен Зүльфия Темірханқызы Төребекова

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті лауазымына тағайындалды.

З.Т. Төребекова білім және ғылым саласында 20 жылдан астам еңбек өтілі бар. Ол Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Физика, математика және информатика пәні мұғалімі» мамандығы бойынша білім алды. 2016 жылы АҚШ-тың Дьюк университетінде магистратураны тәмамдады және Сиракьюс университетінде докторантурада оқыды. PhD дәрежесіне ие, 50-ден астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде Scopus базасындағы 16 жұмыстың және 2 монографияның авторы. Хирш индексі — 6.

Еңбек жолын 2001 жылы физика және информатика пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. 2006–2017 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінде әртүрлі лауазымдарда, сондай-ақ Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінде қызмет атқарды. Білім және ғылым саласындағы уәкілетті органда жұмыс істеген кезінде 12-жылдық білім беру, аттестаттау, лицензиялау, стратегиялық жоспарлау және талдау, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерімен айналысты.

Жаңа басшыны таныстыра келе, министрлік өкілі академия алдында тұрған ауқымды міндеттер мен күн тәртібіндегі маңызды жобаларға тоқталып, нақты тапсырмалар берді.