Жұмыс сапары: Қызылорда облысындағы мектептерге мониторинг жасалды

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы президентінің м.а. Дәулетова Ғалия Ноғайқызы Оқу-ағарту министрлігінің делегация құрамында Қызылорда облысына іс-сапармен барып, өңірдегі білім беру саласының жағдайымен, білім беру ордаларының жай-күйімен танысып қайтты.

Өз кезегінде Қызылорда облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен бірқатар жұмыстардың атқарылғанын атап өтуге болады.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салу жоспарланса, Қызылорда облысында 7 мың балаға арналған 10 мектеп салынды. Өңірлерде заманауи жабдықталып, жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген, республикалық маңызы бар қалалардағы мектептермен тең дәрежедегі оқу ордаларының бой көтеруі қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасын теңістіріп қана қоймай, сыни ойлай алатын, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуге септігін тигізетіні анық.

Делегация Қызылорда қаласындағы бес «Келешек мектеп» нысанын аралап, жаңа форматтағы білім беру ортасының жұмысымен танысты.