Ғылыми кеңестің қорытынды отырысы өтті

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында Ғылыми кеңестің қорытынды отырысы ұйымдастырылды.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес Академияның құрылымдық бөлімшелерінің 2025 жылы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Вице-президент Анар Тәңірбергенова атқарылған жұмыстардың нәтижелерін айтып, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттерге тоқталды.

Кеңес барысында 2025 жылдың екінші жартыжылдығында қабылданған Ғылыми кеңес шешімдерінің орындалу жайы да қаралды. Аталған мәселе бойынша бас ғалым хатшы, PhD Тайболатов Қуандық баяндама жасап, шешімдердің іске асу барысы мен жұмыс барысында туындаған жекелеген мәселелерге назар аударды.

Сонымен қатар отырыста «Эмоционалды интеллект: мектептегі зерттеулер» атты монография қарастырылды. Кеңес мүшелері еңбектің ғылыми және әдістемелік маңызын атап өтіп, оны білім беру тәжірибесінде пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.

Отырыс барысында көтерілген сұрақтар бойынша жан-жақты талдау жүргізіліп, нақты ұсыныстар берілді. Ғылыми кеңес қорытындысы бойынша хаттамалық шешімдер қабылданып, тиісті құрылымдық бөлімшелерге міндеттер жүктелді.