Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Білім алушылардың жетістіктерін мониторингілеу қорытындыларына арналған онлайн-семинарлар сериясын өткізді.
Бірінші лекке Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының білім басқармалары мен әдістемелік кабинеттерінің өкілдері, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарының педагогтері мен пән мұғалімдері қатысты. Екінші лек Алматы қаласының, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарының, Жетісу облысының, Астана қаласының және Абай облысының мамандарын қамтыды. Семинардың үшінші легі Шымкент қаласының, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау, Ақтөбе, Алматы және Атырау облыстары өкілдерінің қатысуымен өтті.
Семинарлар барысында ББЖМ-2025 нәтижелері оқылым, математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бағыттары бойынша қарастырылып, республика және өңірлер деңгейіндегі орташа көрсеткіштер ұсынылды, сондай-ақ анықталған өңірлік және институционалдық айырмашылықтарға талдау жасалды. Бастауыш білім беру деңгейінен негізгі орта білім деңгейіне өту барысында байқалатын «әлсіз тақырыптардың» сабақтастығына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар ББЖМ-2025 аясында енгізілген бағалау құралдарының жаңартылған форматтары таныстырылды. Қатысушыларға тест тапсырмаларын жетілдіру ерекшеліктері мен нәтижелерді шкалалау қағидаттары, оның ішінде халықаралық зерттеулерде (PISA) қолданылатын тәсілдермен үйлесімділігі түсіндірілді. Бұл бағалау нәтижелерінің нақтылығы мен объективтілігін арттыруға мүмкіндік берді.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкерлері білім алушылар, ата-аналар, педагогтер және білім беру ұйымдарының басшылары арасында жүргізілген контексттік сауалнама нәтижелерін ұсынды. Аталған деректер оқу жетістіктеріне әсер ететін негізгі факторларды, соның ішінде оқу мотивациясын, педагогтердің кәсіби қызмет жағдайларын және мектеп ортасының сипаттамаларын айқындауға мүмкіндік берді. Семинарлар қорытындысы бойынша білім беру сапасын арттыруға бағытталған әдістемелік ұсынымдар ұсынылды.