Ауыл мектептерін дамытуға арналған республикалық семинар өтті

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен «Ауыл мектебі – сапа алаңы: идеядан нәтижеге дейін» атты республикалық семинар онлайн форматта өткізілді.

Семинар бағдарламасы аясында пленарлық отырыс пен бірнеше тақырыптық секция ұйымдастырылды. Қатысушылар ауыл мектептеріндегі білім беру үдерісін жетілдіруге бағытталған заманауи оқыту тәсілдері, цифрлық құралдар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері, STEM бағытындағы сабақтар, жобалық жұмыс және мұғалімдердің кәсіби дамуы мәселелерін талқылады.

Секциялық отырыстар педагогикалық инновациялар, шығармашылық және жобалық бастамалар, сондай-ақ ауыл мектебін дамытуға бағытталған әріптестік пен ынтымақтастық тақырыптарын қамтыды. Секция барысында педагогтер өз тәжірибелерін ұсынып, нақты практикалық мысалдар арқылы тиімді әдістерімен бөлісті.

Іс-шараға 2000-ға жуық ғалымдар, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер қатысып, ауыл мектептерін дамытуға арналған нақты тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар ұсынылған идеялар мен жобалар ауыл мектебінің әлеуетін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.