«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында еліміздің мектептерінде үзіліс кезінде ұлттық ойындар ойнау тәжірибесі жүйелі түрде жүзеге асуда. Бұл бастама оқушылардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастырудың жаңа тәсілі ретінде енгізілді.
Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА хабарлауынша, 2025-2026 оқу жылына арналған әдістемелік-нұсқау хатта ұлттық ойындарды үзіліс кезінде ұйымдастыру білім беру ұйымдарына ұсыным ретінде көрсетіліп, оны іске асырудың нақты тетіктері айқындалған. Құжатқа сәйкес, 1–11-сынып оқушылары асық ату, тоғызқұмалақ, бестас, ханталапай, арқан тартыс сынды қазақ халқының дәстүрлі зияткерлік және қимыл-қозғалыс ойындарымен шұғылдана алады.
Бастама балалардың уақытын тиімді пайдаланумен қатар, олардың ұлттық болмысын тануына, тарихи-мәдени мұраға деген құрметін арттыруға бағытталған. Ұлттық ойындар арқылы оқушылардың ойлау қабілеті, логикасы, қарым-қатынас дағдылары дамып, ұжыммен жұмыс істеу мәдениеті қалыптасады.
Жаңа оқу жылынан бастап бірқатар мемлекеттік және жекеменшік мектептер ұлттық ойындарға арналған арнайы кеңістіктерді пайдалана бастады. Мәселен, Астана қаласындағы №92 мектепте дәліздің бір бөлігі ұлттық ойындарға бейімделіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
«Ұлттық ойындар баланың танымдық қабілетін дамытып, серіктестікке, әділдікке және топпен жұмыс істеуге үйретеді. Сонымен қатар, оқушылар арасында коммуникация мен ұжымдық қарым-қатынас нығаяды. Бүгінде төмен, орта және жоғары буын оқушылары бұл бастамаға ерекше қызығушылық танытып отыр. Тіпті, мектепішілік жарыстар ұйымдастырылып, үздіктер марапатталды», – деді №92 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алуа Кизатуллина.