Астанада климаттық білім беру бойынша оқу материалдарын жаңартуға арналған әдіскерлердің екінші семинары өтті. Іс-шараны Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп ұйымдастырды.
Cеминарды ашқан Академия президенті Назипа Аюбаева, ЮНИСЕФ өкілі Татьяна Адерихина және халықаралық сарапшылар балаларды климаттық өзгерістерге бейімдеу мен экологиялық сауаттылықты арттырудың маңызын атап өтті. Қатысушыларға Қазақстан Үкіметі мен ЮНИСЕФ арасындағы серіктестік, сондай-ақ 2026 жылғы сәуірде өтетін климат саммитіне дайындық туралы ақпарат ұсынылды.
Семинар барысында бастауыш және негізгі мектеп бағдарламаларына жүргізілген талдау нәтижелері таныстырылып, мазмұндағы негізгі олқылықтар мен жетілдіру бағыттары талқыланды. Сонымен қатар халықаралық тәжірибе және қазақстандық мектептердің табысты экологиялық жобалары ұсынылды.
Іс-шара қорытындысында мұғалімдерді қолдауды күшейту және климаттық білім беруді дамытуға бағытталған ұсыныстар әзірленді.