Бүгін Астана қаласы Білім басқармасы және Астана қаласы әкімдігі «Әдістемелік орталығының» қолдауымен М. Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясында «М. Әуезов мұрасы: ұлт руханиятының алтын қазығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияның мақсаты – жазушы М.О.Әуезовтің әлемдік әдебиет, мәдениет пен ғылым саласына қосқан ұлы үлесін дәріптеу, шығармашылығын терең талдау және талқылау арқылы насихаттау, заманауи әдістер мен цифрлық технологияларды пайдаланып, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік және әдеби-танымдық құзыреттілігін қалыптастыру.
Аталған ғылыми іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қ.Б. Жұмашев, ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» медиахолдингінің бас директоры Д.Қамзабекұлы, жазушы, ф.ғ.д., абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы Т.Жұртбай сынды белгілі ғалымдар, сондай-ақ Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім мазмұны институтының ғалым-хатшысы Ж.Есепбай мен «Қазақ филологиясы» зертханасының ғылыми қызметкері Б.Е. Ахмер қатысты.
Жиын барысында М.Әуезов шығармалары арқылы білім алушыларды ұлттық болмысты тануға баулу, М.Әуезов әңгімелерін оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдері, құндылыққа бағдарланған білім беру секілді бірнеше бағытта баяндамалар оқылды.
Ауқымды шара Семей қаласы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде және жазушының туған жері Бөріліде жалғасын табады.