Астанада педагогтің кәсіби этикасы мен жасанды интеллектіні қолдану мәдениетіне арналған форум өтті

 Астана қаласында №84 мектеп-лицей базасында «Жасанды интеллект дәуіріндегі педагог құзыреті мен этикасы» атты республикалық форум өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді.

Форумның мақсаты – білім беру саласында жасанды интеллектіні тиімді әрі этикалық тұрғыда пайдалану, педагогтің жаңа кәсіби рөлін айқындау және академиялық адалдық қағидаттарын сақтау мәдениетін қалыптастыру болды. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген 250-ден астам педагог, мектеп басшылары, әдіскерлер мен EdTech саласының өкілдері қатысты.

Форумның негізгі сессиясында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Назипа Алтынбекқызы Аюбаева «Жасанды интеллект дәуіріндегі педагогтің кәсіби жауапкершілігі мен этикалық қағидалары» тақырыбында баяндама жасап, технологияларды білім беру процесінде қолдану кезінде адами құндылықтар мен академиялық адалдық қағидаттарын сақтаудың маңызын атап өтті.

«Жасанды интеллект құралдары мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оның кәсіби жауапкершілігін арттырады. Ең бастысы – білімнің өзегінде тұлға тұруы керек, ал технология соған қызмет етуі тиіс», – деді Назипа Аюбаева.

Форумға жетекші білім сарапшылары мен инновациялық ұйым өкілдері де қатысты. Олардың қатарында ISSAI ұйымының атқарушы директоры Ербол Абсалямов, EDCRUNCH конференциясының және Amansultan платформасының негізін қалаушы Нұрлан Қиясов, Canadian International School өкілі Ирина Цой және №84 мектеп-лицей директоры Самал Нұғуманова бар. Спикерлер білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні енгізу, қазақ тілін цифрлық ортада дамыту және халықаралық тәжірибелерді біріктіру мәселелерін талқылады.

Форум аясында педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамытуға арналған пікірталастар мен практикалық сессиялар өтті. Қатысушылар жасанды интеллект құралдарының әлеуетін, цифрлық педагогика мен болашақ құзыреттерін дамыту жолдарын талқылады.