Жамиля Есанова Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы вице-президенті қызметіне тағайындалды. Оны ұжымға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова таныстырды.
Ол Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Математика және физика мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ «Қаржы» саласында жоғары білім алған. Қазіргі уақытта Мәскеу психоанализ институтында «Практикалық психология және коучинг» бағыты бойынша білімін жалғастыруда.
Білім беру саласында 25 жылға жуық еңбек өтілі бар. Еңбек жолын 1999 жылы Қызылорда қаласындағы №112 орта мектепте математика, физика және информатика пәндерінің мұғалімі ретінде бастаған. Мұғалімдер арасында өткен «Жыл сынып жетекшісі» байқауында Гран-при иегері атанып, облыстық информатика пәні мұғалімдері арасындағы байқауда да жүлделі орынға ие болған.
2006 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Республикалық біліктілікті растау және беру орталығында» бағалау материалдарын әзірлеу бойынша бас маман, ал 2007–2012 жылдары ҚР БҒМ Стратегия және даму департаментінде бас сарапшы қызметін атқарған. Осы кезеңде ол PISA, TIMSS секілді халықаралық зерттеу жобаларын іске асыру, ОЭСР ұйымымен келісімдер жүргізу, сондай-ақ 2011–2020 жылдарға арналған білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу және оның орындалуын үйлестіру бағыттарында жұмыс істеді.
2012–2014 жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық өлшеулер орталығының директоры ретінде халықаралық стандарттарға сәйкес білім сапасын бағалау және конкурстық іріктеу жүйесін енгізуді басқарды. Оның жетекшілігімен Нидерланд пен АҚШ тәжірибесі негізінде оқушылардың оқу жетістіктерін халықаралық деңгейде мониторингтеу және 7-сыныптарға қабылдау жүйесі енгізілді.
2014–2021 жылдары Даму стратегиясы және корпоративтік басқару департаменті директорының орынбасары қызметін атқарып, ұйымның даму стратегиясын әзірлеу мен іске асыруды үйлестірді. Бұл құжат Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті тарапынан мақұлданған. Сонымен қатар, ол Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10 жылдық мерейтойын және Елбасының қатысуымен өткен кездесуді ұйымдастыруға атсалысты.
2021–2023 жылдары Ж. Есанова халықаралық бағдарламалар, тілдік және кәсіби даму бағыттарында басқарушылық қызметтер атқарды. 2024 жылдан бастап «Өнеркәсіптік қауіпсіздік және аттестация орталығы» ЖШС директорының орынбасары ретінде цифрлық менеджмент пен персоналдың кәсіби дамуын ұйымдастыру бағытында жұмыс істеп келеді.
Майра Тұрғанбайқызы атап өткендей, жаңа вице-президент білім беру стратегияларын әзірлеу, мониторинг жүйелерін жобалау, халықаралық серіктестік бағдарламаларды басқару және нормативтік-құқықтық құжаттармен жұмыс істеу бағыттарында мол тәжірибеге ие. Сонымен қатар, ол жауапкершілігі жоғары, инновациялық ойлауы бар, ұйымдастырушылық және көшбасшылық қабілеттері айқын заманауи менеджер.