Келешек мектептеріне арналған аккредиттеу мәселелері бойынша семинар өтті

Астанадағы №33 «Келешек» мектебінде Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен білім беру ұйымдарын аккредиттеу мәселелеріне арналған республикалық семинар өз жұмысын бастады.

Іс-шараның мақсаты – мектептердің аккредиттеу стандарттары мен сапаны қамтамасыз ету мәдениетін жетілдіру, сондай-ақ миссия мен пайымды (vision) стратегиялық басқарудың тиімді тетігі ретінде қолдану.

Академия сарапшылары Светлана Испусинова, Гүлнар Құрманбаева, Индира Исмаилова, Дулат Аманжолов, Әсел Қадирова мен Айгерім Нұрғалиева қатысушыларға аккредиттеу кезеңдері мен стандарттарының мазмұны туралы кеңінен ақпарат берді.

Спикерлердің айтуынша, аккредиттеу – бұл білім беру сапасы мен басқару жүйесінің белгіленген критерийлерге сәйкестігін тәуелсіз бағалау процесі. Ол білім нәтижелерінің сенімділігін арттырып қана қоймай, ұйымдарда ішкі даму, өзін-өзі бағалау және ашықтық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Семинардың практикалық бөлігінде қатысушылар өз мектептерінің миссиясын айқындау және болашақ даму пайымын қалыптастыру бойынша тапсырмалар орындады.

Айта кетейік, семинардың онлайн кезеңі 23-24 қазан күндері аймақтардағы және Алматы мен Шымкент қалаларындағы «Келешек» мектептерінің директорлары мен педагогтерінің қатысуымен жалғасады.