3 миллионнан астам оқушы «Таза Қазақстан» акциясына қатысты
« Адал азамат» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Қамқор» жобасы балалардың бойында жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Биылғы жылы осы жобаға 3 миллионнан астам оқушы қатысып, ел көлемінде аумақтарды тазалау және абаттандыру жұмыстарын атқарды. Сонымен қатар, 185 мыңнан астам түлек «Ағаш отырғызу» челленджіне қосылып, келер ұрпаққа жасыл мұра қалдырды. Жобаның үздік экологиялық бастамалары Мемлекет басшысына таныстырылды.
Бағдарламаның өзге жобалары да айтарлықтай нәтижелер көрсетуде. «Шабыт» жобасы аясында «Күй күмбірі» челленджіне 1 миллион, ал «Ананың аялы алақаны» челленджіне 1,2 миллион оқушы қатысты. Балалардың республикалық «Әншуақ» ән фестивалі дәстүрлі түрде екінші жыл қатарынан өткізіліп, әлеуметтік желілерде 22 мыңнан астам жанды дауыста орындалған бейнежазба жарияланды. Жалпы қаралым саны 18 миллионнан асты.
«Ұшқыр ой алаңы» жобасы дебаттық қозғалысқа жаңа серпін берді. Қазіргі таңда мектептерде 7,6 мың дебат клубы жұмыс істеп, оған 194 мың оқушы тартылған. Ал «Smart бала» жобасы аясында оқушылар 208 әлеуметтік және инновациялық жобаны ұсынды», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов ОКҚ-де өткен брифингте.
Шәкірттердің мәдени-танымдық көкжиегі де кеңейіп келеді. «Балалар кітапханасы» жобасы аясында мектеп кітапханаларының қоры 2 миллионнан астам жаңа туындылармен толықты. Бірқатар мектептерде күн сайын 20 минуттық міндетті оқу дәстүрі енгізілді. Сондай-ақ, ел көлемінде 440 заманауи коворкинг-орталық ашылды.