
Бүгін Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің басшысы Е.Қалмақов, «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті А.Нурлаков, Алтынсарин академиясының президенті Н.Аюбаева және Академия сарапшылары Ұлыбританияның Бирмингем университетіндегі Jubilee Centre for Character and Virtues орталығының директоры, әлемдік деңгейдегі сарапшы профессор Том Харрисон, Сингапур Ұлттық білім институтындағы «Құндылықтарға негізделген білім» орталығының директоры профессор Лиао Шао Цзюнь, Сингапур Білім министрлігінің тәрбие комитетінің төрайымы профессор Жасмин Сейнгпен кездесті.
Кездесуде профессор Том Харрисон шетелде ғылыми дәйектелген тәрбие философиясы мен тұжырымдарын кеңінен талдап, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының экожүйесі туралы пікірімен бөлісті. Сонымен қатар шетелдік сарапшылар Ұлыбритания, Сингапур және Индонезия елдерінің тәрбие моделін таныстырып, тәрбие процесіндегі «құндылықтарды түсініп қабылдау», «мінез-құлық» және «үлгі алатын тұлға» тәжірибелерін ортаға салды.
Кездесу қорытындысы бойынша Академия ғалымдары мен шетелдік сарапшылар болашақта тәрбие экожүйесі бағытында тәжірибе алмасу, ғылыми зерттеулер жүргізу туралы мүдделі екендіктерін жеткізді.