«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына арналған халықаралық жиын өтті

Ағымдағы жылдың 9 қыркүйегінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық қоғамдық қоры және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының әлеуметтік ықпалы мен маңызы» тақырыбында халықаралық дейгейде дөңгелек үстел өтті.

Аталған іс-шараға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық Құрылтай төрағасының орынбасары Бибигүл Жексенбай, Ұлыбританияның Бирмингем университетіндегі Jubilee Centre for Character and Virtues орталығының директоры, әлемдік деңгейдегі сарапшы профессор Том Харрисон, Сингапур Ұлттық білім институтындағы «Құндылықтарға негізделген білім» орталығының директоры профессор Лиао Шао Цзюнь, сондай-ақ Сингапур Білім министрлігінің тәрбие комитетінің төрайымы профессор Жасмин Сейнг, Оқу-ағарту министрлігіне қарасты ұйымдардың басшылары, жоо ғалымдары мен зерттеушілері қатысты.

Жиын қатысушылары қазіргі тәрбие процесінің халықаралық тәжірибелерімен танысып, тәрбие жүйесіне жаңа ғылыми әдістерді енгізу, ұлттық бірегейлікті нығайту, оқушыларды құндылықтарға баулу мәселелерін кеңінен талқылады.

Дөңгелек үстелдің пленарлық отырысында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру барысына жүргізілген зерттеулерге жан-жақты шолу жасады.

Мәжіліс қорытындысы бойынша Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевтың ұсынысымен «АДАЛ АЗАМАТ» біртұтас тәрбие бағдарламасын тиімді жүзеге асыру арқылы Қазақстанды халықаралық деңгейде таныту және жас ұрпаққа сапалы тәрбие беру жұмысын жаңа деңгейге көтеру туралы шешім қабылданды.

Естеріңізге сала кетейік, «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – жаңартылған мазмұндағы «Біртұтас тәрбие бағдарламасының» жалғасы. 2025-2026 жаңа оқу жылынан бастап «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы еліміздің барлық білім беру ұйымдарына, соның ішінде жекеменшік мектептерге де енгізілуде.