
Назарбаев Университеті Жоғары білім мектебінің профессоры Дэниель Торраноның шақыруымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті, PhD Нәзипа Аюбаева 1-курс магистранттары мен докторанттарына Алтынсарин академиясының қызметін таныстырып, студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Кездесу барысында Академия президенті ғылым жолына қадам басқалы отырған студенттерді белсенді түрде зерттеу жүргізуге шақыра отырып, еліміздің орта білім беру саласына енгізіліп жатқан жаңашылдықтар мен идеяларды жан-жақты айтып берді. НУ білім алушыларымен «Адал азамат» бағдарламасы, жасанды интеллектінің білім берудегі рөлі, академиялық адалдық пен этикалық нормаларды қатаң ұстану мәселелерін де белсенді талқылады.
Сонымен қатар, Академия президенті НУ ISSAI Бас директоры, профессор Атакан Варол және Атқарушы директоры Ербол Абсалямовпен кездесу өткізіп, жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізу және мұғалімдердің күнделікті жұмысын жеңілдету бағытындағы жұмыстарды талқылап, екіжақты келіссөз жүргізді.