100 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР МЕКТЕПТЕР

Бізде кезекті айдар – еліміздегі ғасырлық тарихы бар білім ордалары туралы!

Бүгін Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында орналасқан Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп туралы айтамыз. Бұл – 1864 жылы ұлы ағартушының өзі іргесін қалаған, талай буынға білімнің шамшырағын жаққан тарихи оқу орны.

Ырғыз жерінде қазақ балаларына алғашқы білім ошағының іргетасын Ыбырай Алтынсариннің өзі қалады. 1864 жылы 25 қазанда ол небәрі 14 оқушысы бар бастауыш мектеп ашып, жаңа дәуірдің білім шамын жақты. Мектептің алғашқы ұстазы – Ыбырайдың Орынборда бірге оқыған серігі, ағартушы Шахмұрат Құлыбеков еді.

Бұл қарапайым бастау бірте-бірте үлкен білім ордасына айналды. 1879 жылы Ырғыз уездік екі кластық орыс-қазақ училищесі ашылып, ауыл балалары үшін жаңа мүмкіндіктер есігін айқара ашты. Кейін бұл мектеп заман ағымына сай түрлі кезеңдерден өтті: 1920 жылы Совет еңбек мектебі, 1933 жылы төрт жылдық №1 қазақ мектебі, ал 1934 жылы жеті жылдық Коммуналар мектебі болып қайта құрылды.

1935 жылдан бастап оқу орны он кластық қазақ орта мектебі мәртебесіне ие болды. Ел тарихымен бірге мектеп атауы да өзгеріп отырды: 1940–1961 жылдары Сталин атындағы қазақ орта мектебі, 1961–1972 жылдары Ырғыз қазақ орта мектебі атанды.

Ақырында, 1972 жылы оқу орнына қазақ халқының ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің есімі берілді. Содан бері бұл мектеп тек білім беріп қана қоймай, жас ұрпаққа ұстаздың асыл мұратын – адалдықты, еңбексүйгіштікті, білімге құштарлықты дарытып келеді.