Тамыз конференциясы-2025: «Адал азамат: тәрбие экожүйесі және мектеп–отбасы–қоғам синергиясы» панельдік секциясы

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан Республикалық тамыз конференциясы аясында №12 «Адал азамат: тәрбие экожүйесі және мектеп–отбасы–қоғам синергиясы» панельдік секциясы өз жұмысын бастады. Іс-шара Астана қаласындағы №104 орта мектеп базасында өтуде.

Секция жұмысына еліміздің барлық өңірінен білім беру ұйымдарының басшылары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, педагогтер, білім басқармаларының мамандары, әдістемелік орталықтардың әдіскерлері және мемлекеттік мүдделі органдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар 2024–2025 оқу жылының қорытындысына талдау жасап, 2025–2026 оқу жылындағы басымдықтарды айқындау, мүдделі органдармен ынтымақтастық, тәрбие бағдарламасын жүзеге асырудың тиімді тәсілдері және қоғамда құндылықтарды дәріптеу мәселелерін талқылады.

Секция барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары Жексенбай Бибігүл Нұрғалиқызы «Адал азамат: қоғамның иммунитеті және мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығына әсері» тақырыбында баяндама жасап, қоғамның құндылықтық иммунитетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі Дихан Қамзабекұлы БАҚ пен «Адал азамат» бағдарламасының идеологиялық үндестігі туралы ой бөлісіп, бұқаралық ақпарат құралдарының тәрбиелік үдерістегі рөлін талдады. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті, п.ғ.к. Танирбергенова Анар Шынболатовна «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының нәтижелері мен жаңа оқу жылындағы басымдықтарын ұсынды. Ал «Білім-инновация» Халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Нурлаков Арофат Әбдіхалықұлы құндылыққа негізделген тәрбие беру тәжірибесі мен зерттеу нәтижелерімен бөлісті.

Екінші бөлімде қатысушылар бес интерактивті кейс-сессия аясында тәжірибе алмасты. Онда тәрбие экожүйесіндегі өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары, мемлекеттік органдармен ықпалдастық, ата-аналарға педагогикалық қолдау, балалардың жеке қауіпсіздігі және отбасы мен мектептің бірлескен білім беру кеңістігін құру тақырыптары қамтылды.

«Адал азамат» жобасы – жас ұрпақты әділдікке, жауапкершілікке, елжандылыққа және қауіпсіз өмір салтына баулуға бағытталған кешенді жоба. Бағдарлама педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, инновациялық әдістерді енгізу, ата-аналармен серіктестікті нығайту және оқушылардың тұлғалық дамуына қолайлы тәрбие ортасын қалыптастыруды көздейді. Бұл бастама ел болашағы үшін жауапкершілікті сезінетін саналы азаматтарды тәрбиелеуге, мектеп, отбасы және қоғам арасындағы берік байланыс орнатуға ықпал етеді.