Ыбырай Алтынсарин атындағы ҰБА вице-президенті тағайындалды

Рәшит Белгібаев Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті қызметіне тағайындалды.

Ол Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «Ақпаратты өңдеу мен басқарудың компьютерлік жүйелері» мамандығы бойынша бітірген.

25 жылдан астам уақыт бойы білім беру жүйесі мен ІТ саласына цифрлық шешімдерді енгізумен айналысып келеді. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, цифрландыру жөніндегі өңірлік органдар сияқты ұйымдарда басшылық қызметтер атқарды, сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы процестерді трансформациялауға қатысты.

2022 жылдан бастап М. Қозыбаев атындағы СҚУ-да CDO қызметін атқарып, цифрлық стратегияны енгізуге, басқару процестерін жетілдіруге және мемлекеттік органдармен серіктестік орнатуға жауапты болды.

Білім беруді цифрлық трансформациялау аясында Рәшит Белгібаев бірқатар негізгі шешімдерді әзірлеу мен енгізуге жетекшілік етті. Олардың ішінде: бір ішкі жүйесі ЮНИСЕФ тарапынан мойындалған «Білімал» жүйелер кешені; «НЗМ» ДББҰ жүйелік-әдістемелік кешені; «HR+» психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесі; MyCollege.kz кәсіптік бағдар беру платформасы, Grow&Go, Schola платформалары бар.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Басқарушылық дағдылары жоғары деңгейде дамыған, жүйелі ойлау қабілетіне ие және білім беру мен ІТ саласында инновациялық бастамаларды жүзеге асыруда терең сараптамалық білімі бар.