Алтынсарин академиясының сарапшылары болашақ мектептер құрудың түрік тәжірибесін үйренді

2025 жылдың 9-11 шілде аралығында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Инклюзивті білім беру орталығының жетекші ғылыми қызметкері Ноғайбаева Гүлбаршын және ғылыми қызметкері Кеңес Барысгүл Түркия Республикасының Ұлттық білім министрлігі, Инновациялар және білім беру технологиялары бас басқармасының Future Classroom Lab Türkiye (FCL Türkiye) жобасының жұмыс тәжірибесімен танысу мақсатында қызметтік іссапарға барды.

Іссапардың мақсаты – болашақ мектебін қалыптастыратын икемді білім беру ортасы, заманауи технологиялар және инклюзия қағидаттары негізінде құрылған Future Classroom Lab (FCL) моделін енгізу бойынша Түркия тәжірибесін зерделеу.

Академияның ғылыми қызметкерлері мынадай мекемелердің тәжірибелерімен танысты:

1. Жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдар бағытындағы жобалық Özel Hareket Şehitleri Anadolu Imam Hatip лицейінде тереңдетілген академиялық бағдарламалар мен инновациялық білім беру ортасы үйлесім тапқан. Мұнда жобалық оқытуға және цифрлық шешімдерге негізделген әдістер белсенді қолданылады.

https://ozelharekatsehitleriaihl.meb.k12.tr/

2. YEĞİTEK (ETKİM) білім беру технологияларының инкубациялық және инновациялық орталығы – Түркия мектептерінде қолданылатын озық білім беру технологиялары әзірленіп, сынақтан өтетін орталық.

https://etkim.gov.tr/

3. Cezerî Yeşil Teknoloji MTAL (Джезери атындағы жасыл технологиялар лицейі) – тұрақты даму, энергияны үнемдеу және «жасыл» технологияларға бағытталған кәсіби-техникалық лицей. Бұл жерде Future Classroom Lab моделі білім алушылардың практикалық дайындығына енгізілген.

https://cezeri.meb.k12.tr/

4. SERÇEV кәсіби-техникалық лицейі – балалар церебралды сал ауруы қауымдастығының (SERÇEV) қолдауымен құрылған ерекше инклюзивті лицей. Мектеп ерекше білім беруді қажет ететін жасөспірімдердің кәсіби дайындығы мен әлеуметтенуіне бағытталған. https://sercevengelsizmtal.meb.k12.tr/

Айта кетейік, аталған сапар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын BR21882231 – «Қазақстандағы орта білім беру жүйесінде инклюзивтілік пен қолжетімділікті қамтамасыз ету тұжырымдамалық моделі» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Түркияның Ұлттық білім беру министрлігі жүзеге асырып жатқан FCL Türkiye жобасы бүгінде ел бойынша 500 мектепті қамтиды.