«Үздік педагог» атағының иегері 4 млн. теңгеге жуық сыйақы алады

Елімізде ұстаздарды қолдау мақсатында «Үздік педагог» байқауы басталды. Жеңімпаздарға 1000 АЕК (3,9 млн теңге) көлемінде мемлекеттік сыйақы қарастырылған.

Байқау аясында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби шеберлігі ескеріледі.

Жарысқа мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері қатыса алады.

Конкурс үш кезеңнен тұрады:

1️ кезең – аудандық, қалалық деңгей (8-25 шілде);

2️ кезең – облыстық деңгей (28 шілде- 15 тамыз);

3️ кезең – республикалық деңгей (18 тамыз – 18 қыркүйек).

Екі кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған педагогтер республикалық деңгейге өтеді. Байқауға қатысуға өтінімдерді қабылдау, тіркеу, конкурс құжаттарын тапсыру, бағалау uzdikustaz-nobd.edu.kz веб-порталында жүзеге асырылады.

«Үздік педагог» Республикалық конкурсы 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі байқау. Осы уақытқа дейін 700-ге жуық жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған мықтылар анықталды. «Үздік педагог» атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және құжаттарды тапсыру кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар педагогтер үміткер бола алады. Олар - балабақша, мектеп, колледж мұғалімдері.

Конкурс «Үздік педагог» атағын беру қағидаларын бекіту туралы» (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 12 бұйрығына сәйкес өткізіледі.

Конкурстың I кезеңіне қатысу үшін қатысушы Министрліктің ақпараттық жүйесі арқылы электрондық форматта келесі құжаттарды (материалдарды) қоса бере отырып, Қағидалардың 1-қосымшаcына сәйкес нысан бойынша конкурсқа қатысуға өтінім береді:

1) оқыту тіліндегі портфолио (Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша педагог портфолиосының құрылымы);

2) сабақтың жоспарын ұсына отырып, ұзақтығы 7 (жеті) минутқа созылатын бір бейнесабақ (мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері үшін), ұзақтығы 15 (он бес) минутқа созылатын бейнесабақ (орта, арнаулы, қосымша білім беру, техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері үшін), сондай-ақ озық педагогикалық тәжірибені трансляциялау (Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша қойылатын талаптар мен техникалық шарттарға сәйкес ұзақтығы 5 (бес) минутқа дейінгі уақытты құрайтын бейнеролик);

3) Министрлік айқындайтын тақырып бойынша 500 (бес жүз) сөзден аспайтын эссе. 

Өңірлік комиссияның шешімімен конкурстың ІІ кезеңінің жеңімпаздары конкурстың ІІІ кезеңіне қатысу үшін ұсынылады.