
Ағымдағы жылдың 28 сәуірінде Оқу-ағарту министрлігінің «943 – еліміздің мақсатты мектептерді дамыту» жобасы аясында Қостанай, Павлодар, Жетісу, Солтүстік Қазақстан облыстары және Алматы қаласынан 200-ге жуық әдіскер мен жобалық кеңсе басшылары үшін үшкүндік оқыту тағылымдама жұмысы басталды.
Тағылымдама мақсаты – өңірлер әдіскерлерінің кәсіби құзыреттіліктерін арттыру арқылы мақсатты мектептерді дамыту және мамандардың тәжірибе алмасуына жағдай жасау.
Аталған іс-шараның ашылуында ҚР ОМ Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев пен Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы президентінің м.а. Анар Тәңірбергенова құттықтау сөз сөйлеп, тағылымдаманың маңыздылығын, мақсатты мектептермен жұмыс барысында әдістемелік орталықтардың трансформациясы мен тиімділігін арттырудың өзектілігін ерекше атап өтті.
Тағылымдама барысында қатысушылар өңірлік жобалық кеңселердің жұмысына үздік тәжірибелерді енгізу, ынтымақтастықты нығайту, әдіскерлердің кәсіби дамуын арттыру және 2024–2025 оқу жылы қорытындысы бойынша мақсатты мектептердің көрсеткіштерін жақсарту мәселелерін жан-жақты талқылайтын болады.