Алтынсарин академиясында «Ауылдық педагогикалық академия» бағдарламасы бойынша оқыту семинары өтті

Алтынсарин академиясында ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен «Ауыл мектебі – сапа алаңы» тұжырымдамасы аясында «Ауылдық педагогикалық академия» бағдарламасының болашақ менторлары мен әзірлеушілеріне арналған оқу семинары өтті. Семинарда ауыл мектептерін дамытуға бағытталған білім саясатының негізгі бағыттары және осы процестегі «Ауылдық педагогикалық академия» жобасының маңызы талқыланды.

Семинар барысында Академия мамандары болашақ менторларға Бастауыш және негізгі орта білім беру мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына енген өзгерістер мен жаңа талаптарды, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру әдістерін жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ педагогтер кәсіби қауымдастықтарында мұғалімдер біліктілігін арттыру бағдарламаларын әзірлеуге қатысты тәсілдер таныстырылды.

Іс-шараның практикалық бөлімінде семинарға қатысушылар ауыл мектептеріндегі нақты қиындықтарды талқылап, кәсіби қауымдастықтар құруға, олардың жұмыс жоспарларын әзірлеуге, деректерді талдауға, әріптестерді қолдауға және тәлімгерлік мәдениетін қалыптастыруға үйренді. 

Осылайша, «Ауыл мектебі – сапа алаңы» тұжырымдамасының мақсат-міндеттерін іске асыруға үлес қосатын «Ауылдық педагогикалық академия» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл оқу семинары ауыл мектептері мен педагогтеріне қолдау көрсетуге бағытталған мамандар үшін кәсіби тәжірибе алмасу алаңына айналды.