Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Білім және ғылым жүйесін жаңғыртудың ғылыми негіздері» ҒТБ аясында мұғалімдерге арналған «Қазақстанда үш тілде білім беру: қазіргі жағдайы және мүмкіндіктері» семинары өтті.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен өткен семинардың үйлестірушілері – п.ғ.д, ҰБА-ның бас ғылыми қызметкері К.Н. Булатбаева және ЕҰУ шетел филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д. А.Е.Біжкенова.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді дамытуға баса назар аудара отырып, Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі жалпы орта білім беретін мектептер деңгейінде үштілді білім беруді енгізу модельдерін талқылау.
Шетелдік сарапшылар, отандық ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессорлары, мектеп директорлары және мұғалімдері тақырыпқа қатысты баяндама жасап, Қазақстанда үш тілде білім берудің қазіргі жағдайы мен мүмкіндіктеріне қатысты ұсынымдар жасады. Сонымен қатар мәселелерді анықтау мақсатында тілдік және тілдік емес пәндер бойынша үштілділікті дамыту жолдары қарастырылып, мұғалімдер өздерінің әдістемелік әзірлемері туралы айтты. Мектептер үштілдікті дамыту жолдарының модельдерімен танысты.
Семинар қорытындысы бойынша қазақ тілінде оқытатын мектептерді неғұрлым тұрақты және біркелді бөлу үшін аралас мектептер жағдайында қазақ тілін меңгеруді ілгерілету жөніндегі жол картасын әзірлеу және қазақ тілін оқыту сапасына және қазақ тілін күнделікті ортада қолданып жаттығуға барлық жағдайды жасауға назар аудару, әр өңірде әдістемелік еңбектердің көрмесін ұйымдастыру сияқты ұсынымдар енгізілді.
100-ден аса мұғалім қатысқан семинар соңында қатысушыларға алғыс хаттар, құрмет грамоталары мен сертификаттар табысталды.