Алтынсарин академиясы өңірлік әдістемелік орталықтар басшыларымен кеңес өткізді
Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы аясында Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева өңірлік әдістемелік орталықтардың басшыларымен кеңес өткізді. 

Кеңеске қатысушылар білім беру саласындағы мемлекеттік бастамалардың іске асырылуын бақылау, әдістемелік орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, озық тәжірибелерді енгізу және білім берудің барлық деңгейінде әдістемелік жұмысты нығайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар кеңес барысында Ұлттық білім академиясы әзірлеген нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және инфрақұрылымды жаңғырту жоспары таныстырылып, 2025 жылға бірлескен жұмыс жоспары пысықталды.

Академия президенті М.Тыныбаева өз сөзінде оқу-әдістемелік жұмысты ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу, әдістемелік орталықтарды трансформациялаудың маңыздылығына баса мән берді.

Бүгінгі таңда елімізде өңірлік деңгейлерде 20 әдістемелік орталық, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің жанында 205 әдістемелік кабинет жұмыс істейді. Орта білім беру жүйесін әдістемелік қамтамасыз ету қызметінде 3 мыңға жуық маман еңбек етеді, оның 55%-ы ауылдық жерлерде.