Алтынсарин академиясында Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевтың қатысуымен Академияның вице-президенті Руслан Қаратабановтың төрағалық етуімен Абай ұлттық мектебін дамытудың тұжырымдамалық негіздері, үлгілік оқу жоспары мен үлгілік оқу бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Аталған кеңес жұмысына Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Абай» академиясы, «Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия», Назарбаев университеті, Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы, «Harmony STEAM school» мектебі және Алтынсарин академиясының мамандары қатысты. Күн тәртібінде Абай ұлттық мектебін дамытудың тұжырымдамасы мен осы мектептердің үлгілік оқу жоспарын бекіту бойынша ұсыныстар талқыланды.