Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев жұмыс сапарымен Атырау облысына барды.
Іс-сапардың мақсаты – облыстағы әдістемелік орталықтардың қызметімен танысу және олардың жұмысын оңтайландыру жолдарын анықтау.
Бұған дейін аппараттық жиналыста Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әдістемелік кабинеттердің нақты міндеттерін бекіту және олардың жұмысын бір жүйеге келтіру бойынша тапсырма берген болатын.
БҒДМБ сәйкес Ұлттық білім академиясы әдістемелік кабинеттердің қызметіне жетекшілік ететін орган болып табылады.
«Өңірлік әдістемелік кабинеттердің ұйымдастырушылық-құқықтық мәртебесі мен регламенттеуші құжаттары біріздендіруді талап етеді, сондай-ақ олардың материалдық-техникалық базасын күшейту қажет», - деді Ғани Бейсембаев.
Жұмыс сапары аясында Ғани Бейсембаев Білім басқармасының, аудандық, қалалық, облыстық оқу-әдістемелік орталықтарының басшыларымен, сондай-ақ «Өрлеу» БАҰО АҚ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінің өкілдерімен кездесіп, әдістемелік орталықтардың мәселелерін және оларды шешу жолдарын талқылады.