Алтынсарин академиясында инклюзивті білім берудің қазіргі өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті
7 қарашада Алтынсарин Академиясында  «Қазақстанның орта білім беру жүйесінде инклюзивтілік пен қолжетімділікті қамтамасыз етудің тұжырымдамалық моделі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 
Дөңгелек үстелге әлемдік деңгейдегі тәжірибелі аустралиялық ғалымдар  – профессор Umesh Sharma және профессор Chris Forlin қатысты. Сондай-ақ шараға ҚР ОАМ мен министрлікке бағынысты ұйым өкілдері, Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Е.А. Букетов атындағы Қарағанды университеті, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті ғалымдары, білім беру ұйымдарының әкімшілігі мен педагогтері, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстандағы инклюзивті және қолжетімді білім берудің қазіргі жағдайы мен мәселелері, еліміздің мектептерінде инклюзивті білім беру ортасын құру тәжірибесі, аутистік спектр бұзылыстары бар балаларды қолдауға мамандар даярлау мәселелері, халықаралық тәжірибе мен ең үздік әдіс-тәсілдер талқыланды. 
Өзекті мәселелерді талқылай келе шара соңында дөңгелек үстел қатысушылары бірнеше қорытынды шығарды. Оның ішінде инклюзивті білім беру практикаларын бағалау үшін әртүрлі шкалаларды пайдалану бойынша әлемдік тәжірибені зерделеуді жалғастыру, озық тәжірибені еліміздің педагогикалық білім беру ұйымдары практикасына ендіру, шетелдік әріптестерімізбен өзара байланысты күшейту, инклюзивті ортаны құру мәселелері бойынша еліміздің педагог кадрларының кәсіби біліктілігін арттыру бойынша жұмысты жалғастыру. 
*Аталған іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023-2025 жж. бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы аясында BR21882231 «Қазақстанның орта білім беру жүйесінде инклюзивтілік пен қолжетімділікті қамтамасыз етудің тұжырымдамалық моделі» ғылыми бағдарламасын іске асыру шеңберінде өтті.