Астанада мектептердің кәсіптік бағдар беру жұмысы Ұлттық бағдарламасы жобасын талқылады

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция шеңберінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген «Maman» Ұлттық бағдарламасының жобасы таныстырылды.

«Бағдарламаның мақсаты – болашақ түлектердің қызығушылығы, бейімділігі мен қабілетіне, сонымен қатар еңбек нарығының білікті, бәсекеге қабілетті кадрларға қажеттілігіне сәйкес келетін кәсіби қызметті еркін және саналы түрде таңдау мүмкіндігі мен қабілетін қамтамасыз ету. Аталған бағдарламаны әзірлеу барысында ауқымды жұмыс атқарылды, кәсіптік бағдар беру қызметінің ағымдағы жағдайын талдау үшін еліміздің 200 мектебінде мониторинг жүргізіліп, оған 15 062 оқушы, 4 984 ата-ана мен 1 311 педагог қамтылды. Бағдарлама бастауыш, негізгі және орта мектептегі кәсіптік бағдар беру қызметін ескере отырып әзірленді», – деп атап өтті Академия президенті Мадина Тыныбаева.

Конференцияға еліміздің барлық өңірінен келген 100-ден аса педагог-кәсіби бағдар беруші қатысты.

Іс-шара соңында қатысушылар тұрақты мансаптық траекторияны қалыптастырудың өзектілігін, мектептердегі кәсіптік бағдар беру жұмысының маңыздылығын айтты, бағдарлама жобасын қолдады және сараптамалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттілігі туралы ойларымен бөлісті.