Ғалым еңбектері – Ұлттық кітапхана қорына

Отандық ғылыми педагогикалық мұраны сақтау және оның көпшілік оқырманға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері Орденбек Мазбаев Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасына жеке авторлығымен жарық көрген 10 кітабын табыс етті.

География ғылымдарының докторы, профессор Орденбек Мазбаев туризм мен география ғылымы салалары бойынша 665 астам ғылыми жарияланым, оның ішінде Халықаралық ғылыми-өлшемдік деректер базасында индекстелген басылымдарда 19 ғылыми мақала, география мен туризмге арналған 30 оқулық пен электронды мультимедиалық география оқулықтарының авторы. Сондай-ақ ол белгілі саяхат-нұсқаушысы, халықаралық және республикалық туризм мен география бағытындағы қозғалыстар, ұйымдар мен экспедициялардың жетекшісі, «Qazaq geography» республикалық географтар қоғамының негізін салушы, Қазақстаннан тұңғыш рет Оңтүстік полюске автомобиль ғылыми-танымдық экспедициясын басқарған ғалым.

Бүгінгі таңда ҚР Ұлттық кітапхана қорында кітаптар, сирек кездесетін қолжазбалар, тарихи және ғылыми басылымдардың 1,5 млн данасы бар. Аталған кітапхана егеменді еліміздің бай тарихи және мәдени мұрасын сақтау, зерттеушілер, ғалымдар және оқырмандарға ғылыми ақпараттық қызмет көрсету, әлемдік және ұлттық әдебиеттің сан алуан түрлерін жинақтау, сақтау және қолжетімді ету қызметін атқарады.