qaz
Астанада педагогтерге Біртұтас тәрбие бағдарламасына арналған республикалық семинар өтті

Еліміздің барлық өңірінен келген 100 педагог пен әдістемелік кабинеттер қызметкерлері «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: құндылықтар және оны іске асыру» тақырыбында оқыту семинарына қатысты. Іс-шараны ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы. 

Аталған семинар аясында қатысушылар жетекші кураторлар көмегімен келесі оқу жылына арналған Тәрбие жұмысы жоспарын әзірледі. Сонымен қатар осы курсқа қатысқан Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі өкілдерімен бірге сынып сағаттарының тақырыптық жоспарын жасады. Ұйымдасушылар тәрбие сабақтарының әртүрлі формалары және «Буллингтен қорған!», «Қауіпсіз қоғам», «Қоғамдық мүлікті қорға!», «Өмірге салауатты қадам», «Ойынға салауатты көзқарас», «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам» мен т.б. мәселелердің алдын алу бойынша іс-шаралар өткізу жолдарын ұсынды. 

Үш күнге созылған семинар барысында қатысушылар білім беру ұйымдарында біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтары мен мақсаттарын тиімді іске асыру бойынша педагогтерді, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларын кешенді әдістемелік сүйемелдеу жоспарын әзірлеп шықты.