qaz
Академияның Инклюзивті білім беру орталығы директоры «Баршаға қолжетімді білім» форсайт-сессиясында баяндама жасады

Алтынсарин академиясының Инклюзивті білім беру орталығының директоры Светлана Исмагулова «Баршаға қолжетімді білім» форсайт-сессиясында білім беру ұйымдарында инклюзивті саясатты іске асыру нәтижелерімен таныстырды. Светлана Исмагулова өз баяндамасын «WorldSkills Astana – 2024» «Кәсіптік білім және әлеуметтік әріптестік: тенденциялар, перспективалар, мәселелер» атты қалалық чемпионат аясындағы іс-шарада оқыды.

«Бүгінгі таңда мектептерде инклюзивтілікті қамтамасыз ету бойынша педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетудің оң тәжірибені жинақталды дей аламыз. Алайда, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу балабақшадан бастап ЖОО-ға түскенге дейін үздіксіз жүзеге асырылып, одан әрі университетте де жалғасуы тиіс екенін атап өткен жөн. Инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеу үшін педагогтерді даярлауды жетілдіру мен перспективаларын талқылау – білім берудің қолжетімділігін дамытудың маңызды факторының бірі», – деп атап өтті Светлана Исмагулова.

Естеріңізге сала кетейік, Инклюзивті білім беру орталығы педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету жұмысын тұрақты негізде жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта Академия аталған саладағы үш ғылыми бағдарламамен жұмыс істеуде, атап айтқанда, олар: мектеп оқушыларын кәсіптік бағдарлаудың инклюзивтілігін қамтамасыз етудің әдіснамалық негіздерін ұйымдастыру; ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды (балабақша – мектеп – колледж) үздіксіз психологиялық–педагогикалық сүйемелдеу және Қазақстанның орта білім беру жүйесінде инклюзивтілік пен қолжетімділікті қамтамасыз етудің тұжырымдамалық моделі.