qaz
Алтынсарин академиясында кәсіптік бағдар беру мәселелерін талқылады
Тараптар кәсіптік бағдар берудің ағымдағы жағдайын талдады, мектеп білім алушыларының мансаптарын айқындау мәселелерін көтерді және жұмыс тобын құру туралы келісті. Аталған кездесудің мақсаты – кәсіптік бағдар беру саласында тұрақты екіжақты ынтымақтастықты орнату.
«Қазіргі таңда біз еліміздің педагогикалық ЖОО-ларының білім бағдарламаларына енгізу мақсатында білім алушыларды кәсіби бағдарлау жөнінде Minor бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Осы бағдарлама болашақ жас педагогтерге оқушыларға мансаптық кеңес беру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Академия президенті Мадина Тыныбаева. 
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емельбаев жоғары оқу орындары да мектептерде кәсіптік бағдар беруді дамытуға мүдделі екенін баса айтты. Оның сөзінше, бүгінгі таңда ведомство үш өңірдегі мектеппен бірлесе жұмыс жүргізіп, кәсіптік бағдар беруді дамытудың белгілі тетіктерін анықтаған. 
Еске салар болсақ, бұған дейін Академияның Кәсіптік бағдар беру  орталығы өңірлердегі кәсіптік бағдарлау жұмысына жауапты кураторларды белгілеген еді, кәсіптік бағдар беру жұмысының ұлттық моделін жасау үшін ағымдағы жағдайына мониторинг жүргізуде. Аталған модель көптеген факторды, соның ішінде инклюзивті білім беру ортасын қолдауды да  ескереді.