qaz
Академияның бас ғылыми қызметкері құрметіне арналған конференция өтті
Алтынсарин академиясының бас ғылыми қызметкері, география ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Орденбек Мазбаевтың 70 жылдық мерейтойы аясында «Білім, ғылым және туризм әлемінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға жақын және алыс шетелден келген 250-ден астам жетекші ғалым, зерттеушілер мен білікті практик мамандар қатысты. Қонақтары қатарында екі университет ғалымдарының делегациясы басқарған география ғыл. докторы, профессор А.Н. Нигматов болды.
Ғалымның туризм және география ғылым салалар бойынша 665 астам ғылыми мақаласы, оның ішінде Халықаралық ғылыми-өлшемдік деректер базасында (Web of sciеnce, Scopus) индекстелген журналдарында 19 ғылыми мақаласы (Индекс h=5), география мен туризмге арналған 30 оқулығы, электронды мультимедиалық география оқулықтары бар. Оның жетекшілігімен 3 ғылым кандидаты, 6 PhD докторы ғылыми дәрежелерін алды және қазіргі таңда 4 докторантты дайындауда. 
Орденбек Білісбекұлы Академияда жас сарапшы мамандардың кәсіби қалыптасуына, жаратылыстану-математикалық бағыт пәндерінің мазмұны мен сапасын жетілдіруге, сонымен қатар география мен туризм ғылым салаларының құндылықтары мен жаһандық құзыреттерін орта білім жүйесіне енгізу және оны ғылыми-әдістемелік негіздеуге ерекше атсалысып келеді.
Конференция аясында қазіргі ғылымның өзекті және проблемалық мәселелері бойынша ғалымдар, докторанттар, магистранттар мен оқытушылардың өзіндік зерттеулер нәтижесі және тәжірибесі ұсынылған 150 астам мақала жинақталған конференция материалдары жинағы жарық көрді. Жинақ Алтынсарин академиясы сайтында қолжетімді.
Iс-шара Алтынсарин академиясының ұйымдастыруымен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен Qazaq Geography географиялық қоғамдастығының қолдауымен өтті.