qaz
Астанада әдіскерлерге арналған Республикалық семинар-тренинг жұмысын бастады

Семинарға біліктілікті арттыру мақсатында республиканың әр өңірінің әдістемелік орталықтарының 300-ден астам өкілін жиналды. Семинарға қатысушылар екі күн қатарынан Дулат Бабатайұлы атындағы №89 мектеп-лицейінде жаңа Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартының жобасымен танысады, өз ұсыныстарын енгізеді және стандартқа енетін нормаларды фасилитацияланған сессия форматында талқылайды. Сессия модераторлары Академияның ғылыми қызметкерлері болды.

«Әдістемелік қызмет жүйесі білім саласындағы уәкілетті орган мен педагогтер қоғамдастығын байланыстырушы алтын көпір болып келеді. Білім саласындағы жаңалықтар мен өзгерістерді педагогтер қоғамдастығына жеткізу сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Министрлік тапсырмасымен Алтынсарин академиясы орта білім беру мазмұнын жетілдіру бойынша жоспарлы және жүйелі жұмыстарды бастады», – деп атап өтті өзінің алғысөзінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.

Астана қаласының Әдістемелік орталығы мектеп әкімшілігімен бірлесіп семинарға қатысушылар назарына білім беру саласындағы жаңа технологияларды, оның ішінде сабақтарды ұйымдастыруға арналған цифрлық және AI-шешімдерді ұсынған көрме ұйымдастырды.

Семинардың басты спикері – Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов әдіскер кәсіби маман ретінде педагогика, психология, әлеуметтану және т.б. ғылым салаларының теориялық және қолданбалы мол білімі болуы тиіс екенін атап өтті.

Семинарды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы еліміздің барлық өңірлерінің әдіскерлері біліктілігін арттыру және өзара тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырды және аталған іс-шара 2 күн жүреді.