qaz
Тәжікстанның Ұлттық білім академиясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева мен Тәжікстан Білім академиясының президенті Мухаммеддовуд Саломиён ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

Тәжірибе алмасу мақсатында келген Тәжікстан делегациясының ресми сапары аясында меморандумға қол қойылды. Тәжікстанның Білім вице-министрі Зиёдулло Абдулзода бастаған делегация мүшелері Академияның қызметімен және оның қазақстандық білім мазмұнын жаңартуға қатысты тәжірибесімен танысып, виртуалды инклюзивті зертхананы аралап көрді. 

«Бүгінгі кездесу әріптестермен тәжірибе алмасудың тағы бір сұхбаттасу алаңына іспетті болды. PISA-2022 тапсырған қазақстандық оқушылардың нәтижелері өткен кезеңдермен салыстырғанда артты, біз оқушыларымыздың функционалдық сауаттылығын арттыруға қатысты өз тәжірибемізбен бөлісуге қуаныштымыз, сонымен қатар мұғалімдерді әдістемелік қамтамасыз ету жұмысы туралы айтып бердік. Кездесу қорытындысы бойынша меморандумға қол қойып, екі елдің білім академиясының ынтымақтастығын нығайтуға тағы бір қадам жасадық деген сенімдемін», – деп атап өтті Мадина Тыныбаева.
Осы сапар аясында делегация елордалық мектептерге барады, сонымен қатар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарымен бірқатар жұмыс кеңестерін жоспарлаған.